Алға нық қадам

The Upright Revolution 4


Kazak

Co-translated by Marat Pussurmanov and Abdul Adan

Байырғы бір заманда адам баласы өзі тәріздес өзге жаратылыс иелері секілді төрт аяқтап еңбектеп жүрген екен. Адамның жылдам болғаны соншалық – ұзын құлақ сұр қоян түгілі, жүйріктің асылы қарақұйрықты да шаң қаптырып кетеді екен. Сол заманда адам баласының қолдары мен аяқтары бір тектес болғаны сондай – қайсысы қолы қайсысы аяғы екенін ажыратып айтудың өзі қиын болған екен. Шындығында, тек қол аяғы ғана емес, иықтары мен жамбас сүйектері, тізелері мен шынтақтары, тобықтар мен білектері, барлығы барлығы бір қараған көзге бірдей болып көрінгендіктен, барлығы өзара ара-жігі ажырамас туыстық қатынаста болды.

Олар денені қалаған жағына, қаласа базарға, қаласа ағаштың басына апарады, не болмаса таудың шыңына шыққысы келіп, қайта жерге түскісі келсе де, еш бұлжытпастан дененің айтқанын орындайды. Тіпті судың ішінде де қалқып тұру үшін де ләм-мим деместен бар күшін салатын көрінеді. Одан қалса, қажет болғанда басқа да дене мүшелерінің көмегіне жүгінуден де бас тартпайтын еді.

Күндердің күнінде бұл ажырамас достық басқа мүшелердің қызғаныш отын тұтатып, бәрі бір ауыздан бұдан былай өздеріне тиесілі қабілеттерін қол мен аяққа қызмет ету жолында қолданбауға сөз байласыпты. Қызғаныш оты бейбақтардың көзін шалғалы соншалық – олар өздерінің аяққа тәуелді екенін ұмытып, екі досқа қарсы жоспарларын құра бастайды.

Көп ұзамай тіл “Қол мен аяқтың екеуінің қайсысы күштірек екен?” деп дауыстап жоспарды іске асыра бастайды. Бұрын соңды бірінсіз бірі неге қабілеті жетіп жетпейтінін ой елегінен өткізіп көрмеген екеуі бірінен бірі басым екенін жариялап дауласа бастайды. Мұның жалғасы “кім әдемірек?” деп ұзын сүйір саусақтар бармақтардың қысқа әрі семіз екенін бетке басып дау өрши түсті. Бұған шыдай алмаған бармақтар болса “өй, қайыршы немелер, сендер не білесіңдер,” деп жауап қайырып, жанжал бірнеше күнге созыла бастады. Ақыр соңы екеу халық сотына жүгінбек болып, басқа мүшелердің қазылығына сүйенеді.

Жарысты ұсынған тіл болатын. Барлығы бір ауыздан “не деген керемет ой” деп келісе кетті. Біреулер аяқ пен қолды күреске шақырса, енді біреулері шахмат не дойбы ойнауды ұсынды. Алайда әр ойынның не аяққа, не қолға қолайсыз болғандығынан ешқайсысы пайдаға аспады. Ақыры тіл ең қарапайым шешім ұсынды: аяқ пен қол кезекпе кезек жарысатын болып шешті.

Жарыс орман жазығындағы өзен жағасында өтетін болды. Ендігі кезекте барлық дене мүшелері “бұл жекпе жектің басқаларға зияны тиіп кете ме” деп сақадай сай тұрды. Екі көз қауіптен үрейленіп ара бері жалтақтай түсті. Сол арада құлақтар да өте сақ болды. Ал мұрын болса, “басқа ағайындардан айласын асырып кетер” деп, қауіпті тіміскілей бастады. Жалпақ тілге келер болсақ, қызыл тіл жан айқайға басуға дайын тұрды.

Шапшаң жел мен мөлдір су, оған қоса тұнық ауа да жарыс туралы хабарды төрткүл дүниенің төрт бұрышына жеткізуге жанталасты. Жазыққа әлемнің түкпір-түкпірінен арыстан, жолбарыс, қоян, бұғы сияқты сан алуан жануарлар жинала бастады. Жарысты тамашалауға қолтырауын, балық және сусиыр секілді су жануарлары да жеткен еді. Ұлы жарыстан жәндіктер мен бауырмен жорғалаушылар да қалмақ емес еді. Шырылдауық шегіртке шырылға басып, маймылдар ағаштан ағашқа секіріп, тіпті ағаштар да жан-жаққа тербеліп, бәрі – бәрі жарыстың басталуын тағатсыздана күтуде еді.

Сол екен ауыз әндетіп жарыстың ашылу салтанатын бастап та кетті:

Біз мұны бақытты болу үшін істеп жатырмыз!
Біз мұны бақытты болу үшін істеп жатырмыз!
Біз мұны бақытты болу үшін істеп жатырмыз!
Біз барлығымыз теңбіз!

Аяқ та, қол да шешімге еш ренжіместен келісе кетті. Қол таяқты жерге тастап аяққа бірінші тапсырманы түсіндірді: аяқтардың бірі, оң не сол, ия болмаса екеуі біріге таяқты көтеріп алысқа лақтыру керек еді. Бұл тапсырманы орындау үшін екі аяққа бір-бірімен ақылдасып кеңесуге, не болмаса бармақтардың көмегіне жүгінуге рұқсат берілді. Бейшара қос аяқ таяқты алысқа лақтырмақ түгілі, жерден көтеруге пәрмендері жетпей, бар болғаны теуіп, бір-екі қарысқа ғана жылжыта алды. Мұны тамашалап тұрған қолдар қарқылдап күле бастады. Ойлағаны іске асқанына қуанған қолдар мастана кердеңдей арлы-берлі жүріп, жіңішке де епті саусақтарымен таяқты неше түрлі әдіспен көкке көтеріп орманғы қарай бір-ақ сілтеді. Сол-ақ екен көрермен қауым ду қол шапалақ ұрып гу ете қалды. Шапалақ ұрған сайын қолдар шабыттана түсіп, бір өнер артынан екінші өнерлерін көрсетіп, көңілдері жабырқай түскен бауырлары аяқтарды мұңайта түсті. Сол мезетте бармақтар үшін жер сызып жерге қараудан басқа амалдары қалмай, бар үміттері өздері ұсынатын тапсырмада жеңіске жету ғана еді.

Енді кезек аяқтарға келді. Ұзақ ойланбастан, аяқтар қолға денені бір жерден екінші жерге тасып жүруін талап еті. Тәкаппар саусақтар “Не деген болмайтын тапсырма,” деп мұрын шүйірді. Қолдардың денені көтермек болуы тіптен қызық бір көрініс екен. Бәрі де астан-кестен болды. Қолдар жерді басып, көздер жерге тиер тимес, мұрынға шаң кіріп түшкіре бастады. Аяқтар мен бармақтар болса, ауада қалқып тұрды.

Осы сәтте көріністі тамашалап тұрған көрермендер әндете бастады:

Аяқтар шіркін аспанда,
Қалықтайды шаттана!
Аяқпен бірге аспанға,
Секірейік қуана!

Қазір барлығының да назары қолдарда еді. Ал қол бейбақ еш нәтижесіз тырбаңдап мақсатына жету үшін барын салуда еді. Бірер сәт бұрын ғана шаттанып тұрған мақұлық ендігі сәтте бір адым жерді әрең өткен еді. Бірнеше қадам жасамақшы болып, шамалары жетпегендіктен, бір жағына ауып құлауға мәжбүр. Қол ыйғайлана түспек болып, саусақтарын жайғаны сол екен, бас бармағын қайырып алып, тұрған орнында қатып қалды. Мұны аңдып тұрған екі аяқ қарқ-қарқ күле бастады. Ашуға булыққан қол бейшара намысқа тырысып алға қадам баспақ болғаны еш нәтиже бермеді. Әбден әлсіреген қол бұл жарыста жеңілісін мойындағаны сол-ақ екен, екі аяқ өзінің қабілетімен мақтанып, денені бір құлатпастан секіре билеп, қуанышын жасыра алмады. Сол сәтте көрермен қауымның да аяқтары қолдау көрсетіп жерді тарсылдата өз ризашылықтарын білдіріп жатты. Ал екі қол бұл жарыстың нәтижесімен келіспейтінін меңзеп екі қолдарын жоғары көтерді. Бірақ айналадағының бәрі осы сәтте бір нәрсені байқады. Саусақтардың ең үлкені, яғни жаңа ғана қайырылып қалған бас бармақ, басқа саусақтардан алшақ тұр еді. Осы бір қызық өзгеріс қолдың заттарды ұстауын өте ыңғайлы еткен еді. “Бұл кім?”- деп барлық мүше шу ете қалды. Ал бұл “Пайдалы деформация” болатын.

Жеңізпазды анықтау бес күнге созылды. Бірақ, соған қарамастан нақты шешім қабылдау қиынға соқты. Аяқтар өз парыздарын бұлжытпай орындаған еді, қолдар да сондай үлкен жауапкершілік танытты. Дегенмен, екеуі де бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын еді. ¬Осы тұста мәселенің пәлсапалық жағы қарастырыла бастады. “Жалпы алғанда дене дегеніміз не?” деп барлық мүшелер терең ойға батты. Нәтижесінде, дененің дұрыс жұмыс істеуі үшін барлығы жұмыла бірігу керектігін ұқты. Бұдан былай мұндай даудың алдын алып бейбітшілікті дәріптеу үшін барлығы қос аяқ жерді мығым басып, ал екі қол жоғарыда болатындығына бір ауыздан келісті. Бұл келісімді шығу тегін ұмытпас үшін тек бүлдіршіндерге ғана бұзуға рұқсат берілді.

Сөйтіп бәрі өздеріне тиесілі жұмысты бөлісе бастады. Қос аяқ денені керек жеріне апаратын болса, қолдар өнер шаруашылығымен айналысатын болды. Сонымен қоса қолдар денеге керек қоректің бәрін уақытылы беруге тиіс болды. Ал, 32 тіс сол асты шайнап асқазанға жөнелтіп, асқазан мен қос ішек одан ары қарай жөн сілтеуге келісті. Мінекей, осылайша тоқтамай айналыста болатын өмірлік шеңбер қалыптасты.

Жауапкершілікті бөлу мәселесі тиянақты қарастырылғаны соншалық – ойын –сауық та әр мүшеге қатысты бөліне бастады. Баскетбол мен воллейбол қолға тиесілі болса, футбол мен атлетика қос аяқтың еншісінде кетті. Дегенмен, аяқ қолға керек нүктеге жүгіріп жету үшін жәрдем беруге міндеттелді. Осылайша дене саны мен сапасы жағынан аздау болса да алпауыт жануарлардан басым түсетін біртұтас құдірет иесіне айналды.

Алайда әр мүше бұл келісімнің де кей кездерде қиындыққа әкеп соқтыратынын сезді. Мәселен, бас жоғарыда отырып жер басып жүрген аяқтардан өзін әлдеқайда жақсырақ сезінуі мүмкін еді, не болмаса өзін басқалардан жоғары санап бастық көруі де ғажап емес еді. Сондықтан бәрі өзара тең екендігін ескере отырып, бірі сезген қуаныш пен қайғыны барлығы сезу керегін алға тартты. Сол себепті ауызға бір жерінің ауырып тұрғанын айтатын кезде ауру мүшені оқшауламай бүкіл дененің ауырып тұрғанын айтуды ескертті де бәрі қосыла әндете бастады.

Бұл тамаша жаратылыста құл да жоқ әмір де жоқ,
Тек біріне-бірі қызмет үшін жаралған.
Біріміз тіл қатсақ, енді біріміз тірек болып,
Жамағатпен жұмыла сау боламыз.
Сұлулығымыз бірлікте,
Бірігеміз мәңгіге!
-деп өздерінің мәңгілік ұрандарын жар салды.

Сол ұлы күннен бері дене әрқашанда осы ұранды ұстанып жан-жануарлар мен кертартпалардан өз үстемдігін көрсетіп келеді. Мәселен, көрген қиыншылықтарына қарамастан жануарлар ешқашанда бас көтермейді. Сол себепті хайуандар әлемі өз ұстанымдарынан айнымай табиғаттың консервативті партиясын құрайды. Қорыта келгенде, егер адам баласы дене мүшесінің даналығынан үлгі-өнеге алса, ілгері дами бастайды. Ал егер бас пен денені екі бөлек

мүше ретінде қарастыратын болса, ілгері дамуға қарсы шыққан мақұлық иелерінен еш айырмашылығы болмайды.


Marat Pussurmanov is from Taraz, South Kazakhstan. He studied Petroleum Engineering at the University of Tulsa, Oklahoma and Translation at Suleiman Damirel University. Currently he is a freelance translator and an English tutor in Almaty.

Abdul Adan (Somalia/Kenya) was shortlisted for the 2016 Caine Prize for his story, ‘The Lifebloom Gift’ published in The Gonjon Pin and Other Stories: The Caine Prize for African Writing 2014 (New Internationalist, United Kingdom, 2014). His work has appeared in African magazines Kwani, Jungle Jim, Gambit, Okike, Storytime, SCARF and elsewhere. He was a participant in the 2014 Caine Prize workshop in Zimbabwe, and is a founding member of the Jalada collective.